Мұрагер

«Мұрагер» – ұлттық педагогика негізінде жасалған жаңа оқу бағдарламасы. «Мұрагер» бағдарламасы жалпы білім беретін мектептердегі домбыра үйретудің жаңа әдістемесі. Сыныптағы оқушы санына қарамастан, барлық оқушылардың музыкалық аспапты үйреніп шығуына бағытталған. «Мұрагер» бағдарламасы қазақтың дәстүрлі өнерінің негізінде оқушылардың шығармашылық қабілетін ашуға негізделген. Бағдарлама автордары: А. Райымбергенов, С. Райымбергенова, Ұ. Байбосынова.

1-сыныптың мазмұны қазақ халық аспаптарының пайда болуы жайлы қызғылықты аңыз-әңгімелерден тұрады. Сонымен қатар бүлдіршіндердің домбыра үйренуіне арналған жаттығулар беріледі. 2-сыныпта оқушылар Қорқыт, Құрманғазы, Дина, Қазанғап сынды халық композиторларының шығармашылығымен танысып, домбыра аспабын меңгеруді жалғастыра түседі. 3-сынып бағдарламасында Ақан – сері, Біржан – сал сынды халық әнші-композиторлардың лирикалық әндерімен қатар, қазақтың салт-дәстүрімен танысады. 4-сыныпта шіңкілдек, шертер, тұяқтас, дауылпаз сияқты аспаптардың басын қосып фольклор ансамблін жасайды. Оқушылардың сахнаға шығып өнер көрсетуі, олардың өз мүмкіншіліктеріне деген сенімін арттыра түседі. Оқушылар 5-сыныпта айтыс өнерімен, ал 6-сыныпта жыраулық дәстүрмен танысады. 5 – сыныпта оқушылар 11 буындық қара өлең құрап үйренсе, 6-сыныпта жыраулардың ізімен өз терме-толғауларын шығарады. 7-сыныпта Еуропа мен Шығыстың классикалық өнерімен танысады. Оқушылар қазақтың дәстүрлі өнерінің үлкен түркі мәдениетінің бір бөлшегі екендігін біледі. Ең бастысы Қазақстанның қазіргі заман музыка өнерінің әлем мәдениетімен біте қайнасып жатқандығын жете түсіне бастайды.

Орта Азиядағы Ага-Хан мәдени қорының қолдауымен Қазақстанның барлық облыстарында «Мұрагер» бағдарламасы бойынша тәжірибе сыныптары ашылды. «Мұрагер» бағдарламасымен оқытылу ҚР Білім министрлігінің рұқсатымен жүргізіледі. Қазіргі уақытта республика бойынша алпыстан астам жалпы білім беретін мектептерде бұл бағдарлама жүргізіліп, жеті мыңнан астам бала домбыра үйреніп келеді. «Атамұра» баспасынан 1-6 сыныптарға арналған оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Әдістемені тарату мақсатында, әр жыл сайын тәжірибе өткізетін мектептердің оқытушыларының басын қосып, Республикалық практикалық конференция өткізіліп тұрады.

Бағдарламаны жасау барысында Ә.Мұхамбетова, Б.Ыбраев, А.Сейдімбеков, Б.Тілеухан, Қ.Мұратаев, М.Нақанов, З.Кәкімова, К.Матажанов сынды қазақтың белгілі ғалымдары қол ұшын берді. Сонымен қатар бағдарламаның жүзеге асуына тікелей араласқан Р.Тажі, С.Жұмабаева, А.Байбек, Р.Есбосынова сияқты оқытушылар, көптеген жылдар бойы өз іс-тәжірибесімен бағдарламаның өміршеңдігін дәлелдей түсті.

«Мұрагер» бағдарламасы оқушының шығармашылық белсенділігін қалыптастыра түсіп, ана тілін, мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрып пен салт-дәтүрін білуіне жол ашады.